ҚАРИЯ «ГАЗЕЛЬДЕГІ» ЖҰРТТЫ АУЗЫНА ҚАРАТТЫ  Бірде Шымкенттен «Газель» автокөлігіне отырдық. Іште отырған жолаушылардың қарасы аз екен. Алпысты алқымдап қалған қария отырғандарға шариғаттан шертіп отыр. Менің ұлымды көре салып, қолын беріп амандасты. Содан сөзін жалғай түсті.  – Мені алжыған шал дерсіңдер. Бірақ бір-біріңмен амандасып жүріңдер. Сендер түгілі пайғамбар да кішкене баланы көрсе иіліп сәлем берген. Сәлем – Алланың жердегі есімі. Мұсылмандар бір-біріне мынадай алты нәрсеге қарыз болады: сәлем беруге, шақырса баруға, кеңес сұраса – ақыл айтуға, қайталап сұраса – жауап беруге, ауырса – көңілін сұрауға, өлсе – жерлеуіне қатысуға делінген, хадисте», – деді.  – Ата, хадисте басқа ештеңе демепті ме? – деді бір жігіт.  – Хадисте сен сияқты жастарға тентек судан, темекі-насыбайдан аулақ болсын дейді. Құдай бізге дене мүшемізді аманат еткен. Арақ ішіп оны улауға, насыбай атып, темекі шегіп аузымызды ластауға біздің хақымыз жоқ. Өлгенімізше денемізді күтіп-баптап, таза жүруіміз керек. Ол үшін о дүниеде жауап береміз, – деді.  Үстіне киген ақ шапаны мен ақ тақиясына қарап, молда болар деп ойладым. Қып-қызыл нарттай реңі, шоқша сақалы, нұры таймаған көз жанарына қарағанда, бақуат екені көрініп тұр. Сөздері шындық болғандықтан ба, мірдің оғындай әсер етеді екен. Ол айнала отырған қыз-келіншектерге қарап шықты да, егделеу әйелге дүрсе қоя берді.  – Көңіліңе келсе де айтайын, аппақ шашыңмен орамал тартпай, кейінгі жасқа не үлгі көрсетпексің? Бар бәле басқа келіп жабысады. Орамал тартып жүрсеңдер, дендерің сау, бастарың аман болады, – деді. Содан кейін төсін ашып киінген келіншекке қарады да:  – Осы жүрісің өзіңе ұнай ма?  – Не істеппін мен? – деді келіншек.  – Төсіңді ашып, бөтен еркектің көзіне түскеніңе мәзсің бе? Бөтен еркектің құмарлығын оятқан әйел, оған қараған еркек те үлкен күнәға батады. Хадисте өзге әйел тұрмақ, өз әйеліңе сұғыңды қадауға болмайды деген. Бөксе, аяқ, төсіңді ашып алсаңдар, еркек байғұс қарамай қайтсін! Хайуан ғана абыройын жаппайды. Абыройын жарнамалап жүрген сендердің хайуаннан қай жерлерің артық?! – деді бәрімізге ажырая қарап.  – Бізде не шаруаңыз бар? Бізді хайуанға теңейтіндей сіз кімсіз? – десті қыз-келіншектер жамырасып. Мына даурыққан жолаушыларды сабырға шақырмақ болған бір жігіт ағасы:  – Атамыз бүгін ашулы ғой, – деп қалды. Қария оған қарап:  – Мына қасыңда отырған сенің келіншегің бе? – деді.  – Иә, – деді жігіт ағасы.  – Мына әйеліңнің тыңқитып шалбар кигені сеніңше дұрыс па? Жоқ әдейі, бөтен еркектердің көзі түссін дедің бе? Менмұндалап көрініп тұрған денесіне қарап мен де күнәға баттым. Азаматты арам ойға жетелейтін әйелдердің өзі. Етек-жеңдеріңді жауып, денелеріңді ашық-шашық етіп көрсетпей жүрсеңдер еркек елеңдемейді, адалдық бұзылмайды, – деді. Жігіттің әйелі шамданып:  – Шалбар кисе не бопты, жарқырап денем көрінбесе болды да! – деді мұрнын шүйіріп.  – Қызым, адаспа! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйелдің киімін киген еркектерді, еркектің киімін киген әйелдерді Құдай қарғасын!» – деген. Ер адамның бір ғана ұятты жері болғандықтан, шалбар ерлерге арналған. Ал әйел затының денесінің жеті жері ұятты болып саналады. Ұлы сөзде ұят жоқ, соның бірі кіндіктің төмен жағы. Сол жер таза болу үшін әйелдерге көйлекті несіп еткен. Себебі көйлектің етегі желп-желп еткенде, жаман иістен ада қылады. Ал шалбар кисе, сол иіс шалбардың ішінде шықпай қалып қояды. Соны да тазалық деші қанеки!» – деді шал.  Шалдың шын беріліп түсіндіргені соншалық, бет-жүзі қызарып, шеке тамырлары одырайып кетті. Содан қайта әңгімесін жалғап:  – Кейінгі кезде қыз, әйел демей бөксе, төсін жалаңаштап алатын болды. Бұл ақырзаманның жақындағаны да. Имандылыққа ынталану керек. Ынтасыздық екіжүзділіктің салдары. Біле тұра күнәға батамыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Менімен салыстырғанда сендер кәдімгі жанып жатқан отқа өздерін-өздері тастайтын жынды көбелек сияқтысыңдар. Мен сендерді отқа түсуден сақтау үшін қанша тартқаныммен, қолымнан шығып кетіп, өздеріңді отқа тастай бересіңдер», – деген екен. Сендердің ашық-шашық жүрістерің отқа түскен емей немене? – деді. Осы сөздерді айтқанда мен аяқтарымды кейінірек тартып, етегімді қымтай отырдым. Себебі «юбкам» қысқалау болатын. Қария менің қымсынып отырғанымды байқап:  – Түс қайтқанда етегіңді несіне жабасың? Оны үйден шығарда ойлану керек еді, – дегенде қасымдағы баламнан ұялып кеттім. Содан көліктен түсіп кеткенше асықтым. Аялдамадан түскенде ұлым:  – Мама, басыңызға орамал тартпасаңыз жаман болатыны рас па? – деді. Мен ұлыма не деп жауап қатарымды білмедім. Өйткені өзім де жалаңбас едім.  С.СЕРІБАЙ 

Теги других блогов: Шымкент Газель автокөлік